Коронавирустық инфекцияны таратпау бағытында ҚР ИИДМ атқарып жатқан шаралар туралы
2020 жылғы 2 сәуірде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өтіп, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев «COVID-19» коронавирустық инфекциясын таратпау бағытында Министрлік атқарып жатқан шаралар туралы айтып берді.
Министрлік «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, «Көлік бағыттарының онлайн картасын» әзірледі. Осы картаның көмегімен онлайн режімде көлік қатынастарын қарап отыруға болады. Карантин енгізілген қалалар қызыл түспен белгіленген.
Әуе көлігі саласында Мемлекеттік комиссияның шешімімен бүгінгі таңда халықаралық бағыттарда аптасына 97 бағыт бойынша 440 рейс немесе барлық халықаралық ұшулардың 98% қысқартылды. Барлық тұрақты ішкі рейстер, яғни аптасына 45 бағыт бойынша 540 рейс жабылды.
Ағымдағы жылғы 16 наурыздан бастап әуе көлігімен Қазақстанға шетел азаматтарының кіруіне, елімізге бет алған рейстерге шетелдіктерге билет сатуға және оларды ұшаққа отырғызуға тыйым салынды. Халықаралық чартерлік рейстермен келетіндерге бақылау күшейтілді. Атап айтқанда, халықаралық чартерлік жолаушылар рейсін атқарған кезде шетел әуе компаниялары жолаушылардың саны мен азаматтығы туралы ҚР ИИДМ-ге хабарлап, әрі қарай ол ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі. 2020 жылғы сәуірдің 1-13 аралығында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына халықаралық тұрақты жолаушылар және эвакуациялық рейстер тоқтатылды.
Отандастарымызды шетелдерден елге қайтару мәселесін ҚР Сыртқы істер министрлігі үйлестіреді. Отандық әуе компанияларының қажетті ұшырылымдарды атқаруға техникалық мүмкіндіктері бар және ҚР СІМ тарапынан сұраныс болған жағдайда орындауға дайын. Бүгінгі таңда ҚР СІМ-мен бірлесіп, Әзербайжан, Египет, Польша, Иран, Грузия, Үндістан, Ресей, Түркия, Украина сияқты елдерден азаматтарымызды елге әкелу мәселелері пысықталды. Жалпы ағымдағы жылғы 18 наурыздан бастап ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес Қазақстанның 7702 азаматы елімізге әкелінді.
Мамандардың болжамынша, алдағы 6 айда әуе тасымалдарының жалпы көлемі 50% қысқарады. Бүкіл әлемде және Қазақстанда азаматтық авиация коронавирус пандемиясына байланысты қатты зардап шеккен саланың бірі екенін айту керек.
Мемлекеттік комиссия шешіміне сәйкес әуе компанияларына төтенше жағдай уақытында әуе билеттерін айыппұлсыз және толық көлемде қайтару қажеттігі туралы хат жолданды.
Теміржол көлігі саласында ел аумағында төтенше жағдай және жекелеген қалаларда карантиндік режім енгізілген сәттен бастап Қазақстан аумағына бағытталған көрші теміржол әкімшіліктерінің барлық халықаралық пойыздары, «ҚТЖ» ҰК» АҚ халықаралық жолаушылар және қаламаңы пойыздары тоқтатылды.
Еліміз бойынша қатерлі дертті жұқтырғандар санының артуына байланысты әкімдіктер теміржолмен тұрғындар қозғалысын қосымша шектеу бойынша шаралар қабылдады. Теміржол шаруашылығы қызметкерлерін тасымалдауға арналған пойыздарды қоспағанда Қазақстан аумағында қатынайтын барлық теміржол жолаушылар пойыздары тоқтатылды. Жалпы алғанда, 133 жұп жолаушылар және қаламаңы пойыздарының жүруі шектеліп, қалған 24 пойыз бойынша барынша сақтық шаралары қабылданады. Хабарласқан күніне қарамастан жолаушыларға сатып алған билеттерінің құны толық көлемде қайтарылады.
Автомобиль көлігінің барлық түрлерімен Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолиямен екіжақты жолаушылар және жүк тасымалдау, оның ішінде 117 тұрақты бағыт, сондай-ақ транзиттік жолаушылар тасымалы тоқтатылды. Бірақ, бұл тыйым санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылатын халықаралық қатынастағы жүк автокөлігі құралдарымен жүк тасымалдауға таралмайды.
Сондай-ақ, өңірлерде карантин енгізілгенге дейін және кейін автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалдауды шектеу бойынша ұсыныстар берілді. Ол автовокзалдар, автобекеттер мен жолаушыларға қызмет көрсету тіректері жұмысын, қалалық тасымалды қоспағанда автокөлікпен жолаушылар тасымалының барлық түрін тоқтату; тұрақты қалалық және қаламаңы автобус тасымалын 50%-ға және одан көп көлемде, сондай-ақ олардың тұрақтылығын шектеу; тұрақты қалалық және қаламаңы автобус тасымалының күн сайынғы жұмыс уақытын карантин енгізілген өңірлерде сағат 19-00-ге дейін, өзге өңірлерде сағат 21-00-ге дейін шектеу; қалалық және қаламаңы тасымалындағы автобус салондарында дезинфекция жасау жиілігін арттыру, қалаішілік такси тасымалын шектеу сияқты шараларды қарастырады.
Теңіз көлігі бойынша ағымдағы жылғы 5 наурыздан бастап Ираннан келетін жүк автокөлік құралдарын Ақтау және Құрық порттары арқылы өткізу тоқтатылды. 16 наурыздан шетелдерден қайтып келе жатқан қазақстандық азаматтарды қоспағанда Ақтау және Құрық порттары арқылы жолаушылар тасымалдау толықтай тоқтатылды. Сондай-ақ, теңіз порттарына кіру кезінде шет ел кемелерінің экипаж мүшелерінің жағаға шығуына тыйым салынды. Бүгінгі таңда порттарда санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды күшейту бойынша қосымша шаралар қабылданып жатыр. Портқа келетін жүк автокөліктерінің барлығына дезинфекция жүргізіледі. Маңғыстау облысы әкімдігінің шешіміне сәйкес ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап порттардан шығатын транзиттік жүк автокөліктерін шекараға дейін шығарып салады.
Қазақстан аумағында өндірілетін тауарлар тізіліміне қатысты Мемлекет басшысының мемлекеттік сатып алулардың арнаулы тәртібін бекіту туралы тапсырмасын орындау мақсатында Министрлік атқарған шаралар айтылды. «Атамекен» ҰКП мен мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ел аумағында өндірілетін тауарлар мен оларды жеткізушілердің тізілімі жасалды. Оған 42 мыңнан астам тауар қамтылды және өзектендіріліп отырады. Аталған шара өндірілген өнімдерді оңайлатылған және басым тәртіпте сатып алуға мүмкіндік береді.
Медициналық бетперде мен дезинфекциялық құралдар өндірісіне келсек, ағымдағы жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша күніне 1 млн.-нан астам бетперде өндіріледі. Оның ішінде фармацевтикалық кәсіпорындар 325 мың, тігін кәсіпорындары 680 мың дана өндіреді. Биыл 5 наурызда еліміздегі медициналық бетперде өндірісінің көлемі небәрі 209 850 дана болатын. Өсімге өндірісті кеңейту және қуаттылықты арттыру есебінен, сондай-ақ 70-тен астам тігін кәсіпорнын тарту арқылы қол жеткізілді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өндірілген өнімді «СҚ-Фармация» ЖШС арқылы ел өңірлеріне таратады.
Бетперде өндірушілері қайырымдылық шараларын да ұмытпады. «Біз біргеміз» акциясы аясында «Mega Pharma» ЖШС еріктілер ұйымдары арқылы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары тұрғындарына 100 мың дана, Түркістан облысы мен Кентау қаласы тұрғындарына 20 мың дана медициналық бетпердені тегін таратты.
Ағымдағы жылғы 31 наурызда 85 180 литр дезинфекциялық құрал өндірілді. Қоймаларда 158 380 литр бар. Дәріханалар желісіне, көшелер мен ғимараттарды дезинфекциялауға 65 109 литр берілді.
Көкшетаудағы «Тыныс» АҚ кәсіпорнында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сұранысы (683 аппарат) бойынша өкпені жасанды желдеткіш мобильді аппараттары өндірісін арттыру бойынша белсенді жұмыстар жасалуда. Жақында Үкімет резервінен өндірісті қамтамасыз ету үшін қажетті қаражат бөлінеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің барлық сұранысы толық қанағаттандырылады. Қазіргі уақытта өндіріс үшін Ресейден сатып алынып келген шикізат пен құрастырушы бөлшектерді (15-тен астам өнім) алмастыру бойынша қазақстандық өндірушілермен жұмыс жүргізілуде. Бұл шара карантиндік шараларға байланысты туындаған кешігулерге байланысты қолға алынды.
Жер қойнауын пайдалану саласында төтенше жағдай уақытында отандық өндірушілер үшін сатып алулар процедурасы оңайлатылды. 31 наурыздан бастап және төтенше жағдай аяқталғанша жер қойнауын пайдаланушыларға белгілі бір санаттар бойынша тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді бір көзден сатып алу құқығы берілді. Бұл шара жер қойнауын пайдаланушылардың өндіріс көлемін тоқтатпау және төмендетпеуге, сондай-ақ өндірістік процестерге қатысты жұмыскерлер қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған.
Жалпы отандық кәсіпорындар төтенше жағдай уақытында «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығының» қолдауына сүйене алады. Орталық тұрақты негізде мемлекеттік ынталандыру шаралары, атап айтқанда көмек алу шарттары мен өтінімдерді рәсімдеу тетіктері бойынша консультациялар береді. Сондай-ақ, отандық өңделген тауарларды сыртқы нарыққа шығаруға кететін шығынның бір бөлігін қайтару және еңбек өнімділігін арттыру бойынша өтінімдерді қабылдауды іске асырады.
Дерекөзі: ҚР ИИДМ