"Нұрлы жол" жаңа бағдарламасының алғашқы қорытындылары Үкіметте талқыланды
2020 жылғы 21 сәуірде Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндама жасап, 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы айтып берді.
Биыл, яғни бағдарламаны іске асырудың алғашқы жылы автожол саласында республикалық және жергілікті маңызы бар 9,5 мың шақырым автожол жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Оның ішінде республикалық жолдардың 4 мың шақырымында құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі, 1,5 мың шақырымы жөнделеді, жергілікті жолдың - 4 мың шақырымы жөнделеді. 350 жол жоба іске асырылып, 30,5 мың адам жұмыспен қамтылады. Бұл мақсатқа 680 млрд. теңге қарастырылған. Оңтүстік өңірлерде наурыз айының соңынан бері құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Ал солтүстікте ауа-райына байланысты сәуірдің соңына дейін барлық жобаларда жұмыс басталады. Қолданылатын материалдардың негізгі бөлігі отандық өнімдер екенін айту керек. Жыл қорытындысы бойынша жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырымдық автожол учаскелерінде қозғалыс ашу жоспарланып отыр.
Жалпы 2020 жыл қорытындысында «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында: республикалық автожолдардың 89%, облыстық және аудандық жолдардың 71% жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізу; өзін-өзі өтейтін ақылы автожолдарды 5,7 мың шақырымға жеткізу; автожолдарды ұлттық стандартқа сәйкес келетін жол сервисі объектілерімен қамтамасыз етуді 58% жеткізу; теміржол көлігімен транзиттік тасымалдар көлемін 20% арттыру; контейнерлік темір жол транзитін 842 мың жиырмафуттық контейнерге арттыру; транзиттік әуе жолаушылар санын 1,2 млн. адамға, әуе көлігімен жолаушылар тасымалын 9,1 млн. адамға жеткізу жоспарланған.