ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНДА КЕМШІЛІК КӨП
Алматыда соңғы бір жыл көлемінде 100-ден астам жаңадан салынған жолдың сапасы сын көтермейтіні анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.Жол құрылысындағы мұндай олқылықтарды «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Алматы қалалық филиалы тіркеген. Бүгін олар қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдерімен бірге шаһарда төлесіп жатқан асфальт құрылысымен танысып, сапасын тексерді. Бүгін «Сапалы жол – адалдық алаңы» атты жобалық кеңсенің аясында «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» мамандары мен қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері арнайы рейдке шықты. Мониторингтік топ қаладағы жол құрылысын бақылап, тиісті нормалардың қаншалықты сақталып жатқанын тексерді. «Былтырдан бері істеп жатқан жұмысымыздың аясында 100-ден аса ақау анықталды. Ол ақаулардың бәріне сәйкесінші хаттамалар жазылып мердігерге, тапсырыс берушіге хаттар жазылып, олардың бір 80 пайызы қалпына келтірілді. Қалған 20 пайызы қазір қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде», – деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы қалалық филиалының директоры Мәулен ӘЛІПОВ. Жалпы биыл елімізде жол құрылысына қазынадан 700 млрд теңге қыруар қаржы бөлінген. Ал қала жолдарын жөндеуге шамамен 45 млрд теңгеге жуық ақша жұмсалмақ.