Наурыз – ізгілік пен мейірім мерекесі
Әдетте Ұлыстың ұлы күні жақындағанда мерекені тойлауға дайындалып, елде қарбалас болып жататын. Бірақ биылғы көктем басқаша. Әлемді жайлаған індеттен төтенше жағдай жарияланды.
«Сақтансаң сақтармын» деген. Сондықтан мейрамда көпшілік жиналып, атап өту міндет емес. Наурыз – ізгілік пен мейірім мерекесі. Ақтөбе облысы бойынша «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» филиалы мамандары ұлық меркені қайырымдылық шараларына арнауды жөн деп шешті.
Себебі, қиын сәтте бір-бірімізге қолдау керек. Төтенше жағдайға байланысты оқушыларды ерте демалысқа жіберді. Бұл әсіресе ұл-қызын жалғыз асырап отырған аналарға, әкелерге қиын. Бір сәт баланы қараусыз қалдыруға болмайды. Сондай жанның бірі Ақтөбе қаласының тұрғыны - Бағдат Жармағанбетов.
Құдай қосқан қосағы қайтыс болып, үш баласын өзі асырап отыр. Оларды мектепке апару үшін жұмыстан да шыққан еді. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалы қызметкерлері аз да болса көмек болсын деген ниетпен үйіне азық-түлік жеткізіп берді.
«Оң қолмен бергеніңді, сол қолың көрмесін» деген де бар. Бұл көмек мақтану не масаттану үшін жарияланып отырған жоқ. Титтей де үлгі болса оқырмандарға деген ниет! #Бізбіргеміз