Маңғыстау облыстық филиалының қызметкерлері 8-11 сынып оқушыларымен кездесті
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Маңғыстау облыстық филиалының қызметкерлері ақпан айының 20-21 күндері Ақтау қалалық №5-ші және №21 орта мектептерге барып, 8-11 сынып оқушыларымен жүздесті.
1200 орындық №21-ші орта білім беру кешенінде сабақ екі ауысыммен жүреді. Жоғары сынып оқушылары түске дейін білім алады. Осы ретте аталмыш мектептің актзалында филиал қызметкерлерімен өткен жиынға 10-11 сыныптардың оқушылары шақырылды.
Танымдық кездесуді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Маңғыстау облыстық филиалының директоры Таялиев Елтай Құспанұлы сөз сөйлеп ашты. Мекеме басшысы облыс көлемінде салынып жатқан автокөлік жолдарының сапасын бақылау шараларына тоқталып, жол құрылысы мамандықтары турасында жан-жақты түсінік берді.
Бүгінгі оқушы - ертеңгі жас түлек тарапынан қойылған сұрақтар да аз болмады. Жас буын өкілдері жол сапасын бақылау жұмыстарының қалай жүргізілетіндігіне, жол құрылысы мамандықтарына қалай меңгеруге қатысты сауалдарын қойды.
Мәселен, Салтанат есімді 10-шы сынып оқушысы келешек қызметке тұру үшін қандай оқу орындарына түсуге болатынын сұрады. Филиалдың зертхана меңгерушісі Гүлжамал Тәжібаева аталған салада қазақстандық арнаулы орта және жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік мол екендігін айтып, слайд түріндегі ақпараттарды оқушылардың назарына ұсынды.
Кездесу аясында өскелең ұрпақтың жол құрылысы сапасын бақылау жұмыстарын өз көзімен көруге ынтасының жоғары екендігі байқалды. Бұл ретте филиал қызметкерлері Ақтаудағы зертхана жұмысын, жылжымалы зертхана кешені қызметін іс жүзінде көрсетуге дайын екендіктерін мәлімдеді. Шара соңы мектеп ұжымы ұйымдастырған шағын концерттік бағдарламаға ұласты.
Дәл осы тектес шара келесі күні Нұртас Оңдасынов атындағы №5-ші орта мектепте жалғасты. 8-10 сынып оқушыларымен кездесуге филиал директоры Е.Қ.Таялиев, жол инженерлері Бекмұрат Байдуллаев пен Гүлзира Керімбаева барды.
Болашақ мамандық иегерлері алдымен Маңғыстау облысының аумағында қарқынды жүріп жатқан автокөлік жолдарын салу және олардың сапасын бақылау жұмыстары туралы республикалық «Хабар24» телеарнасы шыққан бейнесюжетті тамашалады.
Мұнан соң Филиал директоры мен жол инженерлері оқушылар үшін арнайы әзірленген баяндамаларды оқып, олардың білгісі келген сұрақтарына жауап берді. Балаларды бір шақырым жолға қанша асфальт жабынды төселерін, кейін оның сапасы қалай бақылатындығы айрықша қызықтырды.
Қазақстандағы және шетелдегі автокөлік жолдарындағы сапа айырмасы, облыс көлеміндегі республикалық және жергілікті маңыздағы трассаларда бақылау жұмыстарының қалай жүргізілетіндігіне қатысты сауалдар бірнеше қайталанып қойылды.
Филиал қызметкерлері отандық көлік жолдарының сапасы шетелден кем түспейтіндігін, бірақ оларды салу кезінде және қолданысқа берілгеннен кейін де жіті назарда ұсталатынын айтты.
Аталған мектептің әртүрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген оқушылары алдағы уақытта «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Маңғыстау облыстық филиалымен бірлесе ғылыми жобаларды жүзеге асыруға әзір екендіктерін айтты.
Елтай Құспанұлы өз кезегінде екі арада әріптестік байланыстың орнауына еш кедергі жоқтығын мәлімдеді.