Маңғыстау облысындағы жолдардың сапасы сын көтермейді
Биыл Маңғыстауда республикалық маңыздағы бірнеше автожолды қалпына келтіру жұмыстары аяқталады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл – облыс басшысының есепті кездесуінде тұрғындарға айтқан сөзі. Әкімнің айтуынша, жалпы ұзындығы 158 шақырымдық трассаны қайта жаңарту өз уақытында жасалуда. Осы тоғыз жолдың торабында орналасқан аймақта көлік жолдары қалай салынып жатыр? Құрылыста қолданылатын материалдар сапасын кімдер бақылайды?
Әкімнің халықпен дәстүрлі кездесуінде жол мәселесі – бірінші кезекте көтерілетін тақырыптың бірі. Әдеттегідей алдымен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асқан инфрақұрылымдық жобалар сөз болды. Мұнан соң көпшілік қойған сауалдарға жауап берілді, бірқатар ұсыныс ескерілді.
Серікбай Трұмов, облыс әкімі:
– Былтыр 150 шақырымды құрайтын төрт жоба аяқталды. Олар Құрық порты-Құрық автожолын реконструкциялау және Шетпе-Үштаған, Ақтау – Форт-Шевченко-Қаламқас кенорны, Оңды ауылына кіреберіс жолдарын орташа жөндеу. Осы жылы 275 шақырымды қамтитын сегіз автомобиль жолдарының реконструкциясы мен жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланды.
Таяуда төселген трасса айнадай тегіс болары анық. Мұндай көрініс көп жағдайда алдамшы келеді. Жол материалының сапасын зертханалық талдаумен ғана білуге болады. Бұл – «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Ақтаудағы зертханасы. Инженерлер апта сайын жолға шығып, бірнеше сынамаларды алып келеді. Дөңгелек пішіндегі мына үлгі ғылым тілінде керн деп аталады. Ол асфальт жабындыны бұрғылау арқылы алынады.
Гүлжамал Тәжібаева, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» рмк филиалының зертхана меңгерушісі:
– Мынау 5/6 болып тұр. Негізінен «Ата жолынан» жоба бойынша 4 см-ден төмен болмауы керек. Яғни керн қалыңдығы өтіп тұр. Әрі қарай бұл керннің коэфиценттік тығыздығы анықталады. Сосын су қанықтыру пайыздығы анықталады. Зертханаға әкелінген сынама үлгі 1,5 сағат вакуумдық қондырғыда тұрады. Осылайша жол материалының тығыздығы өлшенеді. Суды сіңіру нәтижелері де журналға жазылады. Кейін бұл жазбалар трасса құрылысына жауаптыларға қызметтік хат түрінде жіберіледі.
Елтай Таялиев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» рмк филиалының директоры:
– Бір мысал айта кетсек, 2019 жылы біз «Жетібай-Жаңаөзен-Кендірлі» бағытында 60-қа жуық сынама алдық. Солардың ішінен кемшіліктер табылды. Хаттама жаздық, мердігерлік мекемеге. Ол мекемелер өзінің тиісті шараларын қолданып, кемшіліктерді жою керек. Бұл жұмыстар 2020 жылы да жүргізіліп жатыр. Болашақта ондай қате жібермес үшін уақытымен барып, тексеріп тұрамыз.
85 шақырымдық Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы трассасы мен Жетібай-Жаңаөзен бағытындағы 73 километр жолды жаңғырту биыл аяқталады. Сондай-ақ ұзындығы 126 шақырымнан астам Жыңғылды - Шайыр - Шерқала жері бағытындағы асфальт пен екінші кезеңді қалпына келтіру басталған «Ата жолын» қайта жаңарту қарқынды жүріп жатыр. Олардың сапасы жол құрылысын бақылаушылардың жіті назарында.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев
24.kz