АУҒАНСТАН АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫН САЛУ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУ ТҰРҒЫСЫНДА ҚАЗАҚСТАННАН ҮЛГІ АЛУДА
Ауғанстанның Қаржы, Қайта құру және ауылдық жерді дамыту, Көлік министрліктерінің өкілдері ҚазжолҒЗИ-ның жұмысымен танысты.
Делегация «Автомобиль жолдары саласындағы жүйелер мен бағдарламалар, зерттеу әдістері, жаңа материалдар мен бағаны қалыптастырудың әдістемесі» тақырыбында дәріс тыңдады. Қонақтар ҚазжолҒЗИ 60 жылдық тарихымен, институттың кең-ауқымды әріптестік географиясымен танысты. Стационарлы сынақ зертханасы мен көпфункционалды көшпелі зертханалар, HDM4 бағдарламалық қамтамасыз ету келушілердің қызығушылығын тудырды.
Ауғанстандық жолшыларға қалалардағы көше жолдары желісін, көпірлерді басқару жүйелері, автомобиль жолдарын салу және пайдалану кезінде қолданылатын жаңа технологиялар көрсетілді. Бұдан бөлек, ҚазжолҒЗИ мамандары заманауи қондырғының көмегімен жол құрылысы материалдарын сынау тәжірибесімен бөлісті. Мұнымен қоса, төрт күндік оқу бағдарламасы аясында қонақтар цемент-бетон және асфальт-бетон жабындысы бар автомобиль жолдарында ақы алу жүйесінің жұмысы көрсетілді. Ауғанстандық тараптың өкілдері ҚазжолҒЗИ-ның заманауи және тиімді әдістемесін өз елінде автомобиль жолдары жағдайының жоғары деңгейін қамтамасыз ету мақсатында қолдана алады.
Еске салайық, жол саласындағы қазақстандық ғылыми-зерттеу институты Қазақстан мен басқа да елдердің жол саласы мамандары үшін жүйелі түрде біліктілікті арттыру шараларын өткізіп тұрады. Осылайша өткен жылдың желтоқсанында ҚазжолҒЗИ мамандары жолдарды диагностикадан өткізу, паспорттау тұрғысында Қырғызстанның Көлік және жолдар министрлігі өкілдерімен тәжірибе бөліскен болатын.